Әрдайым шынайы болғым келеді. Түрлі бетперделерден шаршадым.
© image
Music

«91 әрдайым менің ойымда» - A.Z. жеке өнері және отбасы құру ниеті жайында

Бұл сіздер ешқашан естімеген рэп. Red bull 64 Bars қайта оралады! Жаңа маусымды рэпер A.Z. және оның продюсері S.A. ашады. Қабыл алыңыздар!
Автор Динара Серикбаева
Читать 9 минОпубликовано

Red bull 64 Bars сияқты жобаға бірінше рет қатыстың ба? Қандай әсер алдың?

A.Z.: Сондай халықаралық үлкен жобаға бірінші рет қатысып жатырмын, иә. Түсірілім барысы керемет өтті. Режиссер, операторлар, продюсерлер керемет кәсіпқой мамандар екендерін көрсетті. Мен осындай съемкаларға қатыспағалы ұзақ уақыт болып қалды. Өзім де сағынып қалыппым. Сондықтан кәдімгідей шын жүректен, рахаттанып түстім, трегімді орындадым. Мен осы үлкен ұжымға ризамын. Алда да осындай үлкен жобаларда кездесе берейік.
S.A: Менің тәжірибемде үлкен жобалар болды. Бірақ Қазақстанда сондай үлкен жобаға бірінші рет қатысып отырмын. Негізінде мен Монғолияның тумасымын. Сол жерде сазгер ретінде киноға музыка жазғам. Қазір Қазақстанда A.Z-мен жұмыс істеп жүрмін.

Ал 64 Bars-тың форматын алатын болсақ, саған сол форматта өнер көрсетуге ыңғайлы болды ма? Әніңді қалай жаздың? Ол жерде не туралы айтқың келді?

A.Z.: Өлең жазу – менің махаббатым. Ол іс маған ешқашан қиынға түспейді. Мен өлең жолдарын жазудан ләззат аламын. Сондықтан маған барлығы жеңіл болды. Бір күнге трегімді жазып тастадым. Ішінде екі мағынасы бар. Панчлайндар жиі кездеседі. Дұрыстап мән беріп тыңдасаңыздар, барлығын түсінесіздер. Негізі мәтін өте қызық шықты. Өзіме қатты ұнайды. Біраз әңгімені қозғадым. Оны түсінген адам түсінеді, түсінгісі келмейтіндер әрине түсінбейді ғой. Трек не жайлы екенін ашпай-ақ қояйын. Өздеріңіз тыңдаңыздар, ойланыңыздар.
S.A: Біз екеуіміз музыка жазғанда, барлығы керемет шығады. Біз бір-бірімізді Инь мен Янь сияқты толықтырамыз. Мен әртістерге бит жібергенде, олар көп жағдайда оны түсінбей қалады. Менің музыкама өлең жолдарын жаза алмай қалады немесе басқа қиындықтар туындайды. Ал A.Z-мен ондай жағдай болмайды.
Өлең жазу – менің махаббатым.

Өлең жазу – менің махаббатым.

© image

Негізі әндеріңді қалай жазасың? Саған ең бастысы шабыт керек пе, әлде тәртіп қажет пе?

A.Z.: Маған ең бастысы тазалық қажет. Айналам міндетті түрде таза болу керек. Кішкене шаң көрсем, бірден барлығын сүртуге кірісіп кетемін. Тазалық маған бір күшті сезім береді. Үйімде барлығы шашылып жатса, мен өзім де шашылып жүремін. Ал барлығы өз орнында, тиянақты болса, сонда менің жұмысым да тиянақты болады. Кейін күшті вайб керек. Қасымда битмейкерім S.A болса болды. Екеуіміз қосылып ән жазамыз. Ол музыка жазады, мен мәтін жазам. Ол жігіт өте дарынды. АҚШ-та жұмыс істегенде, ол жердің біраз әртістерін көріп, жұмыс жасап келген адам. Тәжірибесі жетерлік. Біз баяғыдан бері таныспыз. Ол менің алғашқы альбомымның барлық биттерін жасаған. Ninety one тобының бірнеше әндеріне де музыка жазған. «Мен емес», «Ие» және тағы да басқа тректерде музыка соныкі. Бұл әндерді халық сүйіп тыңдайды. Бірақ олардың музыкасын кім жазғанын көбісі біле бермейді.
Ал шабытқа келетін болсақ, ол бір өтірік әңгіме сияқты. Ешқандай шабыт жоқ. Тәртіп және өз талпынысың, қалауың басты рөл атқарады.
S.A: Мен бірінші рет Қазақстанға келгенде ең алдымен Астанаға келдім. Сол жерден дарынды әртістерді іздедім. Олармен жұмыс істегім келді. Бірақ ол жерде маған «саған Алматыға бару керек» деді. Шығармашылық адамдардың барлығын сол жерден табасын. Мен соған таң қалдым! Өйткені музыканттардың барлығы елордада шығар деп ойладым. Кейін Алматыға келіп, Ерболат Беделханмен таныстым. Ол болса мені басқа балалармен таныстырды. Солай A.Z-мен бірге әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрміз.
Болашақта біз бірігіп бір дүние жасауымыз керек

Болашақта біз бірігіп бір дүние жасауымыз керек

© image

Осыдан бір жыл бұрын сен бір YouTube-арнаға берген сұхбатында мені концерттерге шақыра бермейді, кейде пәтерге төлейтін ақшам болмай қалады дегенсің. Қазір жағдай қалай? Түзелді ме?
A.Z.: Әлі күнге шейін шақырмайды. Бірақ қазір қыс, ал қыс айында барлығы тыныш, концерттер аса өткізілмейді. Көктем келгенде наурызда барлығы басталады деп үміттенемін. Айтпақшы, ұйымдастырушылардың құлақтарына алтын сырға. Мен концерттерді жақсы көремін. Концерттер болып жатқанда, мені ұмытпаңыздар.
Соған қатысты жақында анамның айтқан бір сөзі жүрегіме қатты тиіп кетті. «Балам, сенің үйден кетіп қалғаныңа он жылдан асып бара жатыр. Сенің әлі күнге дейін үйің жоқ, көлігің жоқ, әйелің жоқ... Не бітіріп жүрсің?». Мен сол сөзден кейін бір түрлі болып қалдым. Қазір мен біраз жұмыстарды жасап жатырмын. Ойымның барлығы жұмыс. Бір жетістіктерге жеткім келеді. Менің тыңдармандарым бар, олар менен жаңалық күтіп жатыр. Сол себептен мен оларды таңқалдыруға асығыспын. Жақсы-жақсы дүниелермен ораламын деген сенімдемін.
Негізі мен қазір жайлап оралып жатырмын. Біршама ән жазып тастадым. Алда тағы бір үлкен жоба болады. Барлығы жақсы болып, сәтті аяқталса, бұйырса сіздер мені жаңа қырынан көретін боласыздар. Ол жобаның өнерге қатысы жоқ. Жігітке жеті өнер де аз дегендей мен өзімді басқа қырымнан сынап көрейін деп жатырмын. Кішкене спортқа қатысы бар. Басқа жағын айтпай-ақ қояйын. Өздерің көре жатарсыздар.
Маған ақылдасу, жоспар құру процесстері ұнайтын.

Маған ақылдасу, жоспар құру процесстері ұнайтын.

© image

Бір сұхбатыңда сен «не концертке шақырмайды, не тойға шақырмайды» дегенсің. Егер тойға шақырса, шынымен де барып, ән айтар ма едің?

A.Z.: Мен қазір сахна таңдамаймын. Мен үшін сахна бір. Мысалы, біздің жанкүйерлеріміз қазір бой жетіп, отбасы құрып жатыр. Егер де маған «сен менің тойымда ән айтсаң ғой деген арманым болған» десе, мен әрине қарсы емеспін. Менде «Тату» деген әнім бар. Ол дәл тойларға жақсы келеді.

Қазір Ninety one тобы продюсерсіз жұмыс істеп жатыр. Басқа шарттар, басқа жағдай. Егер жігіттер саған біз қосыл десе, топқа қайта ораласың ба?

A.Z.: Мен қарсы емеспін. Қайта қосылу емес, ал бірге ән жазып, сахнаны қайта сілкіп жіберуге мен қарсы емеспін. Мен жігіттерді әлі күнге дейін жақсы көремін, құрметтеймін, сағынамын. Қазір аса қатты араласпасақ та, олар әрдайым менің ойымда. Болашақта біз бірігіп бір дүние жасауымыз керек. Ол шоу, халық оны күтеді, тыңдармандарға оның барлығы қызық. Біз әртіс болғаннан кейін, сондай нәрсе жасасақ, керемет болатынын түсініп отырмын. Жігіттер де оны түсінетін шығар. Бірақ ол болады ма, болмайды ма – белгісіз. Өйткені оны тек қана мен шешпеймін ғой. Мен өзім қарсы емеспін. Мен ондай нәрсеге ашықпын. Адамдарды таңқалдыруға қатты жақсы көремін. Тыңдармандардың эмоциялары маған қуат береді. Алайда күшті нәрсе істеу үшін көп қаражат керек. Қазір өмір қымбаттап кетті. Тыңдармандарым менен бір керемет концерт, жаңа бейнебаяндар күтетін шығар. Оның барлығы қызыл ақша. Сондықтан оның барлығын тез арала жасап бере алмаймын.
Мен отызға келіп кәдімгідей есімді жиіп қалдым.

Мен отызға келіп кәдімгідей есімді жиіп қалдым.

© image

Ninety one-мен бірге өткізген естен кетпес қандай сәттерді әсіресе сағынасың?

A.Z.: Әр сәт менің есімде. Әр сәт мен үшін қымбат. Жұмыс жасау сәті. Жәй ғана шәй ішіп әнгіме айтудың өзін сағынып кеттім. Маған ақылдасу, жоспар құру процесстері ұнайтын. Біз бірігіп тапқан ортақ идеялар әрдайым халықтың көңілінен шығатын. Сол нәрсені сағындым. Жігіттерді көрмегелі біраз болды.

Сенің трегінде «Отыздан асып барамын» деген жолдар бар. Біздің сұхбатымыз барысында да жас туралы айттың. Неге сен үшін бұл кезең маңызды?

A.Z.: Мен отызға келіп кәдімгідей есімді жиіп қалдым. Алды артын ойлана бастайсың. Қазір тарих жасағым келіп жүр. Шығармашылық жағынан керемет бір үлкен дүние жасағым келеді. Сол форманы іздеу үстіндемін. Басқа нәрсе маңызды емес. Мен үшін қазір әншіліктен басқа жол жоқ. Басқа нәрсеге көңілімді бөлгім келмейді. Басқа нәрсеге, маған ұнамайтын заттарға көңіл аударғым келмейді. Өзімді жоғалтқым келмейді. Өз ісіме берікпін.
Маған стадионда үлкен концерт беру идеясы ұнайды. Адамдар концерттерге не үшін барады? Эмоция шығару үшін, ішіндегі мазасыздықты, ойды ұмыту үшін барады. Сол идеяны іске асыру үшін бірнеше хит керек. Соны жүзеге асыру үшін тер төгіп жатырмын.
Мен еліміздің әр тұрғыны өте дарынды екеніне сенемін.

Мен еліміздің әр тұрғыны өте дарынды екеніне сенемін.

© image

Қазақша рэп Батыста пайда болды. Қалай ойлайсың, неге дәл сол өңірде рэп жақсы дамыған?

A.Z.: Өйткені ол жерде кіші жүздер өте көп. Ол тәкаппар, намысшыл, тура сөйлейтін, батыл адамдар. Есіңізде ме, Махамбет Өтемісұлының Жәңгір ханға айтқаны: «Хан емессің, Қасқырсың, Қас албасты басқырсың, Достарың келіп табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын»? Ол да бір кәдімгі рэп баттл ғой. Біздің қанда ол бар. Тура бетке айту, ойландыру үшін екі мағыналы сөйлеу Батыстың адамдарының қанында бар нәрсе. Бұрын интернет болмағанда да біздің өңірде адамдар рэп тыңдайтын. Көптеген музыка сарапшылары айтып жатады ғой, рэпті қара нәсілді жігіттер бастаған деп. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Біздің тарихымызда ол баяғыдан бері бар. Батырларымыз оны кезінде өлең жолдармен, айтыспен айтып тастаған. Қанымызда ол әрдайым болған. Сондықтан бұл заңды құбылыс. Жеті ата шежіресін алсақ, бұл да ұлтымыздың өте қызық ерекшелігі.

Сенің туған қалаң Атырау. Оның Қазақстанның басқа қалаларынан айырмашылығы неде?

A.Z.: Біздің адамдар барлығын тура айтады деп айтып кеттім жоғарыда. Қаланың өзінде Жайық бар. Әдемі көпірлер бар. Бізде балық көп. Кішкентай кезімнен мен қара уылдырықты (черная икра) жеп өстім. Бұрын қаланың әр тұрғыны черная икраны көп жейтін. Ол бізде мол болатын. Біз күнде «қайтадан икра ма?» деп айтатынбыз. Қазір ондай жоқ. Заман өзгерді.

Жаңа қазақ музыкасы бұрын-соңды болмаған кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазақ музыкасының осындай дамуы немен байланысты?

A.Z.: Мен еліміздің әр тұрғыны өте дарынды екеніне сенемін. Бұрын ол көзге көрінбеген, қазір техниканың, интернеттін дамуының арқасында біз оларды байқай бастадық. Қазір Қазақстанның кез-келген жерінде отырып, смартфонға видео түсіре аласың. Бұрын өнерді бұралқы іс дейтін. Ата-анамыз «оны қайтесің, оданша заңгер бол» деп жиі айтатын. Қазір ол заман артта қалды. Мен өнерге, музыкаға қызығатын адамдарды шабыттандырғым келеді. Болашақта қазақ музыкасы бүкіл әлемге танымал болатынына сенемін. Қазір үлкен танымалдылыққа жеткен әртістерді бір қолдың саусақтарымен санауға болады. Мен олардың одан да көп болғанын қалаймын. Көптеген «Грэммиге» жетейік. Бізге кішкене ауыз біршілік жетіспейді. Барлық музыка бағыттары біріксе, саланы төңкеріп жіберетін түріміз бар.

Қазір сені толғандыратын тақырып бар ма?

A.Z.: Соңғы кездері толғандыратын бір нәрсе бар. Әке болғым келіп жүр. Мен отыздамын, егер балам қазір туылса, ол 18 жасқа толғанда, мен 48-де боламын. Мен кәрі әке боламын ғой деген ойлар жиі мазалайды. Отбасын құру мәселесі ойландырады. Бірақ менің сүйікті қызым да жоқ. Мен отбасы құрсам, өнерім қалып қала ма. Уақытты дұрыс бөле алмай қалам ба. Үйім де жоқ. Сол сұрақтарды жиі ойлаймын. Отбасылы болу үшін жағдай керек. Сол себептен мен барлығына ашықпын, өнерге ғашықпын.
Айтпақшы, жақсы қыздар болса, маған жазыңыздар. Анкеталарыңызды жіберіңіздер. Болашақ әйелім міндетті түрде дәмді тамақ пісіру керек, үй жинау керек деген талаптарым жоқ. Қалағанын істесін. Ешқандай шектеу қойғым келмейді. Мен болашақ жарыммен дос болғым келеді. Оның ойын тыңдағым келеді. Барлығын қорықпай, ашық айтқанын қалаймын. Тамақ істегісі келмей ме, істемей-ақ қойсын. Қазір тапсырыс берсең, кез-келген тамақты есікке дейін жеткізіп береді. Ол проблема емес.

Өміріңде жасаған ұятты әрекеттерің бар ма? Есіңе түсірсең бірден ұяла бастайтын.

A.Z.: Одан не пайда? Өкінгеннен дым пайда жоқ. Ондай нәрсені ұмытып кеткен дұрыс. Өтіп кеткен нәрсеге өкінетін адам емеспін. Мен тек болашақты ойлаймын. Иә, қателескен кездерім болды. Кім қателеспейді? Адам болған соң барлығымыз қателесеміз. Менің мінезімде қателіктерімді еске түсіріп, өзімді жеп отыру деген жоқ.
Мен ешкімді ешқашан алдаған емеспін. Мен өмірде қандаймын, өнерде де сондаймын. Мен біреудің кейпін сомдағым келмейді. Әрдайым шынайы болғым келеді. Түрлі бетперделерден шаршадым.