Ыстықта жарысуға бейімделу бүгінде велоспорттағы нәтижеліліктің жаңа бағытына айналды. Оны дұрыс жоспарламаса, велошабандоздың күші таусылып, уақыт жоғалтуы, тіпті Тур де Франсты аяқтай алмай қалуы мүмкін. Ал ыстықтың әсерін сауатты басқара білген спортшылар қарсыластары қиналып жатқанда да жоғары қарқынын сақтай алады. Ауа температурасы көтерілген сайын, Red Bull – BORA – hansgrohe және өзге командалардың экстремалды ыстықта жарысуға қалай бейімделетінін осы мақалада айтамыз.
01
Аптап ыстық веложарысқа қалай әсер етеді?
Ауа температурасы жиі 40°C-тан асып түсетіндіктен, биылғы Тур де Франс тек күшті ғана емес, төзімділікті де сынайтын жарысқа айналды. Асфальт қатты қызып, жылуды қайтадан велошабандоздарға таратады, ал кей жағдайда тіпті ери бастайды. Соның салдарынан пелотон бұрынғыдан да ауыр жағдайға тап болып отыр. UCI экстремалды ауа райы хаттамасына сәйкес кейбір кезеңдер қысқартылды, ұйымдастырушылар велошабандоздарға су құтыларын алуға көбірек мүмкіндік берді. Сонымен қатар спортшылар жаһандық климат жылынған сайын, жарыстың дәстүрлі түрде шілде айында өткізілуі болашақта қаншалықты орынды болатынын ашық талқылай бастады.
«Тур де Франстың» үшінші кезеңінде велошабандоздар Гранольерстен Ле-Англьге дейінгі 195 шақырымды еңсерді. Сол күні орташа ауа температурасы 32,4°C болса, ең жоғары көрсеткіш 36°C-қа жетті. Бұл көрсеткішке пелотон ішіндегі жағдай кірмейді: қызған асфальттан тарайтын жылу мен жоғары қарқындағы жарыстың өзі температураны одан әрі күшейтеді.
Кезең басталар алдында Tudor Pro Cycling командасының тәжірибелі италиялық велошабандозы Маттео Трентин Wielerfiets басылымына: «Бұл денсаулыққа пайдалы емес екені анық. Қауіпсіз бе, жоқ па, білмеймін, бірақ мұндай жағдайда жарысу денсаулыққа мүлде жақсы емес», – деген болатын. Тур де Франсқа қатысудың өзі спортшылардың ағзасын физиологиялық мүмкіндігінің шегіне дейін жеткізеді. Көпкүндік жарыстарда велошабандоздар бірнеше сағат бойы 300–400 ватт, ал кейде одан да жоғары қуат өндіреді. Бірақ осы энергияның аз ғана бөлігі велосипедті қозғалтуға жұмсалады. Қалған бөлігі ағзада жылуға айналады. Одан құтылу үшін дене тер бөледі және теріге баратын қан айналымын күшейтеді.
Бірақ сыртқы ауа температурасы 35–40°C-қа жақындағанда немесе одан асқанда, ағзаның табиғи салқындату жүйесі өз міндетін толық атқара алмайды. Мұндай жағдайда ағза бұлшықеттерді оттегімен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық жылуды сыртқа шығаруға да күш жұмсауға мәжбүр болады. Соның салдарынан жүрек соғысы жиілейді, терлеу күшейеді, ағза тезірек сусызданады, ал бұл жарыстағы нәтижеге тікелей әсер етеді. Дене қызуы көтерілген сайын ағза өзін қауіпті қызып кетуден қорғау үшін қуат өндіруді табиғи түрде азайтады. Нәтижесінде велошабандоздың жылдамдығы да төмендейді.
Тур де Франстың көшбасшылар тобында жүлделі орындарды көбіне минуттар емес, небәрі бірнеше секунд шешеді. Сондықтан нәтиженің тіпті 1%-ға төмендеуі де сары жейденің иесін анықтауы мүмкін. Үшінші кезеңнен кейін Red Bull – BORA – hansgrohe командасының нидерландтық велошабандозы Тим ван Дейке өз жағдайын былай сипаттады: «Күні бойы саунада отырғандай сезіндім».
Төмендегі видеодан Red Bull – BORA – hansgrohe велошабандоздарының аптап ыстықпен қалай күресетінін көре аласыз.
02
Велошабандоздар аптап ыстықпен қалай күреседі?
Жарыс алдындағы нұсқаулықтың бір бөлігі міндетті түрде ауа райы болжамына арналады. Онда спортшыларға жоғары температураның қаупі түсіндіріліп, денені салқындатудың қаншалықты маңызды екені еске салынады. Арнайы карта арқылы велошабандоздар кезеңнің әр бөлігіндегі ауа температурасын алдын ала көре алады. Red Bull – BORA – hansgrohe командасының тәжірибелі спорт директоры Патши Вилья температураны түспен белгілейтін картаны сипаттай отырып: «Бұдан да ыстық жағдайды елестету мүмкін емес еді», – деді. Оның айтуынша, картадағы қою қызыл түстер қазіргі ыстықтың қаншалықты шектен тыс екенін анық көрсетіп тұр.
Мұздатқыш кеудешелер, мұз қосылған сусындар және энергетикалық гельдер
Тур де Франста денені салқын ұстау — жарыс бойы үздіксіз жүргізілетін маңызды мәселе. Ол жарыс басталмай тұрып қолға алынады. Ыстық кезеңдердің алдында велошабандоздардың мұздатқыш кеудеше киіп жүргенін жиі көруге болады. Олар қыздыру жаттығулары кезінде және стартты күтіп тұрған уақытта киіледі. Мұндай кеудешелер терінің температурасын төмендетіп, жарыс басталғанға дейін-ақ спортшының негізгі дене қызуын азайтуға көмектеседі.
Көптеген велошабандоздар сондай-ақ мұздатылған «слэш» сусындарын ішеді. Олар ағзаны ішінен салқындатып, бір мезгілде сұйықтық пен көмірсулардың қорын толықтыруға көмектеседі.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жаттығу немесе жарыс алдында дененің негізгі температурасын төмендету спортшыларға ыстыққа ұзақ уақыт төтеп беруге мүмкіндік береді және шаршауды кешіктіреді. Сондықтан алдын ала салқындату ыстықпен күрестегі ең тиімді тәсілдердің бірі саналады.
Red Bull – BORA – hansgrohe командасының массаж маманы (soigneur) Жак Хорн жарыс басталғанға дейін қолданылатын әдістер туралы былай дейді: «Қосымша мұздай сусындар, мұз салынған шұлықтар, мұздатқыш гельдер. Жігіттер жарыс басталғанға дейін денені мүмкіндігінше ұзақ уақыт салқын күйде ұстау үшін арнайы мұздатқыш кеудешелер киеді».
Ал старт берілгеннен кейін денені салқындату үздіксіз жалғасады. Қазіргі велоспорттағы ең танымал тәсілдердің бірі – «мұз шұлығы». Бұл ұсақталған мұз толтырылған қарапайым шұлық. Оны велошабандоздар жейдесінің астына, омыртқа тұсына орналастырады. Еріген мұз теріге жақын орналасқан қан тамырларын салқындатады. Соның арқасында салқындаған қан бүкіл денеге таралып, спортшының дене қызуын бақылауда ұстауға көмектеседі.
Бір бөтелкедегі салқын душ
Команданың массаж мамандары жарыс барысында велошабандоздарға бірнеше рет бөтелке береді. Алайда олардың барлығы көмірсуға бай спорттық сусынмен толтырылмайды. Кейбірінде тек мұздай су болады. Спортшылар оны басына, мойнына, иығына, кеудесіне және аяқтарына құйып, денесін салқындатады.
Pinarello – Q36.5 командасының британдық жұлдызы Том Пидкок үшінші кезеңді жеңімпаз Тадей Погачардан небәрі 18 секундқа қалып, 16-орында аяқтады. Мәре сызығынан кейін ол журналистерге: «Бұл нағыз шайқас алаңы сияқты болды. Бүгін пелотонмен шамамен 10 мыңдай бөтелке жұмсаған шығармыз», – деді.
Бірақ суды үстіне үздіксіз құюдың жарыстан кейін де байқалатын салдары бар. Күні бойы су болған киім мен аяқкиім ерекше күтімді қажет етеді. EF Education–EasyPost командасының спорт директоры Том Саутэм Тур де Франстағы ерекше ыстық күндердің бірінен кейін қонақүй дәліздеріндегі көріністі былай сипаттады: «Барлық аяқкиімнен иіс шығады, өйткені олар күні бойы су болады. Қазір қонақүйді аралап шықсаңыз, әр бөлменің есігінің алдында кептіріліп тұрған аяқкиімдерді көресіз. Себебі велошабандоздар салқындау үшін өздеріне қайта-қайта су құя береді».
Массаж мамандары мен спорт ғалымдарының рөлі
Бұл үдерісте команданың массаж мамандары (soigneurs) мен спорт ғалымдарының еңбегі ерекше маңызды.
Массаж мамандары арнайы тамақтану аймақтарында (feed zones) велошабандоздарды мюзет деп аталатын арнайы сөмкелермен күтіп тұрады. Олардың ішінде көмірсуға бай тағамдар, электролиттік сусындар және жаңа мұз қоры болады.
Ауа температурасы жылдан жылға жоғарылап жатқандықтан, мұндай үйлесімді жұмыс бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сол себепті ұйымдастырушылар ең ыстық кезеңдерде велошабандоздардың су мен тамақ алу мүмкіндігін жиі беріп келеді.
Әр адамның терімен бірге жоғалтатын натрий мөлшері әртүрлі болады
Аптап ыстықтағы тау кезеңінде велошабандоз бірнеше литрге дейін тер жоғалтуы мүмкін. Бірақ бұл шығынды жай ғана тағы бір бөтелке су ішумен толтыру жеткіліксіз.
Термен бірге ағзадан натрий, калий және бұлшықеттердің жиырылуы мен жүйке жүйесінің қалыпты жұмысына қажет басқа да электролиттер бөлініп шығады. Егер олардың қоры уақытында толықтырылмаса, көп ұзамай бұлшықет құрысуы, шаршау және қуаттың төмендеуі байқалады.
Сондықтан қазіргі WorldTour командалары маусым бойы жүргізілетін тер талдауларына сүйене отырып, әр спортшы үшін жеке гидратация жоспарын әзірлейді.
Precision Fuel & Hydration компаниясының спорт ғалымы Крис Харрис спортшылардың терлеген кезде жоғалтатын электролит мөлшері айтарлықтай ерекшеленетінін айтады:
«Әр адамның терімен бірге жоғалтатын натрий мөлшері әртүрлі болады. Кейбіреулер бір литр термен небәрі 200–300 мг натрий жоғалтса, басқалары 2000 мг дейін жоғалтады. Сондықтан бәріне бірдей ортақ тәсіл қолдану тиімді емес».
Осы мәліметтердің негізінде команда нутрициологтары әр велошабандозға жарыс кезінде қанша сұйықтық пен электролит қажет болатынын алдын ала есептейді. Бұл есептеулер ауа температурасы, ылғалдылық деңгейі және кезеңнің ерекшеліктері ескеріле отырып жасалады.
Маттиа Каттанео восполняет необходимую жидкость и питательные вещества
© Maximilian Fries/Red Bull Content Pool
Қазіргі таңда көптеген командалар үшін мұзды ванна жарыстан кейінгі қалпына келудің қалыпты бөлігіне айналған. Ол спортшылардың дене қызуын тез төмендетіп, кейінгі тамақтану мен қалпына келу үдерісіне ағзаны дайындайды.
Кондиционері бар командалық автобустар ыстықтан бірден қорғануға мүмкіндік береді. Ал салқындатқыш көрпелер, мұздай сүлгілер және температурасы бақыланатын қонақүй бөлмелері кеш бойы дененің негізгі температурасын төмен деңгейде ұстауға көмектеседі.
Кейбір командалар тіпті ерекше ыстық түндерде де спортшылардың сапалы демалуына жағдай жасау үшін салқындатқыш матрастар мен ұйқыны жақсартуға арналған арнайы жүйелерді қолдана бастады. Себебі мұндай жағдайда ағза артық жылуды табиғи жолмен шығара алмай, қалпына келу процесі қиындай түседі.
Red Bull – BORA – hansgrohe командасының дәрігері Самуэль Фиссер мұның маңызын былай түсіндіреді: «Жыл сайын ауа райы ыстық болып барады. Сондықтан біз денені салқындатуға және ұйқының сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Спортшылар жақсы ұйықтаса, олардың ауырып қалу қаупі де әлдеқайда төмен болады.»
Экстремалды ыстық енді Тур де Франста сирек кездесетін мәселе емес. Ол қазіргі веложарыстың басты ерекшеліктерінің біріне айналып келеді.
Тур де Франс әрдайым өзгермелі жағдайға ең жылдам бейімделе алған спортшыларды марапаттап келді. Бірақ 2026 жылы бейімделу тек тактика мен физикалық дайындыққа ғана байланысты емес. Енді жеңіске жету үшін әлемдегі ең беделді веложарыс бұрын-соңды болмағандай ыстық өтіп жатқан кезде ең алдымен денені салқын ұстай білу қажет.